Қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінің маңызды құрамдас бөлігі – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда жариялылықты және қоғамның қатысуын қамтамасыз ету. Бұл ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу арқылы қамтамасыз етіледі. Барлық мүдделі азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында өз пікірін білдіруге мүмкіндік беріледі. Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қоғамның қатысуы мыналар арқылы жүзеге асырылады:
- қоғамдық тыңдаулар өткізу;
- қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу;
- қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында құжаттар бойынша ескертулер мен ұсыныстар беру;
- мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестерге қатысу.
Алайда табиғат пайдаланушылардың мақсаттары үшін ең үлкен маңызды қоғамдық тыңдаулар өткізу рәсімі болып табылады, өйткені ол әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды алу мерзімдеріне айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.
Қоғамдық тыңдаулар қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілетін жоспарланатын қызмет үшін ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы бойынша Экология кодексінде және Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленген тәртіппен өткізіледі. Қосымша тыңдаулар Экология кодексінде көзделген өзге де жағдайларда (мысалы, объектілерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және су қорғау аймақтарында орналастыру кезінде) өткізіледі.
Жоспарланатын қызметтің бастамашысы қоғамдық тыңдауларға қатысу үшін қоғамды ақпараттандыру іс-шараларын өткізуге қоғамдық бірлестіктерді шарттық негізде тартуға құқылы.
Ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы және тыңдаулар туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органның және уәкілетті органның интернет-ресурстарында Қағидаларда белгіленген мерзімдерде орналастырылады.
Қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 3 тамыздағы № 286 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында айқындалған.
Қоғамдық тыңдаулар объектінің санатына және жоспарланатын қызметтің түріне байланысты ашық жиналыс нысанында (оның ішінде бейнеконференцбайланысты пайдалана отырып) не Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында (№ 286 бұйрық) көзделген өзге де нысанда өткізіледі.
Қоғамдық тыңдауларды жоспарланатын қызметтің бастамашысымен бірлесіп жергілікті атқарушы органдар (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктері) ұйымдастырады және өткізеді.
Қоғамдық тыңдауларға қатысушылар мыналар болып табылады:
1) мүдделі қоғамдастық;
2) жергілікті атқарушы орган;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі;
4) құзыретіне талқыланатын шешімдерді қабылдау жататын мемлекеттік органдар;
5) бұқаралық ақпарат құралдары (бұдан әрі – БАҚ), олар мүдделі болған жағдайда;
6) жоспарланатын қызметтің бастамашысы.
МАҢЫЗДЫ
Әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды алу мерзімдерін болжау кезінде қоғамдық тыңдаулар рәсімі үшін белгіленген мерзімдерді ескеру қажет:
- бастамашы жергілікті атқарушы органмен қоғамдық тыңдаулар өткізудің уақыты мен орнын, мүдделі қоғамдастықтың алдын ала тізбесін алдын ала келіседі және оны ақпараттандырудың неғұрлым тиімді тәсілдерін (БАҚ-тағы хабарландырулар, ақпараттық парақшалар, стенділер, жазбаша өтініштер) негіздейді;
- жергілікті атқарушы орган мүдделі қоғамдастықтың тізбесін, ақпараттандыру тәсілін, қоғамдық тыңдаулар өткізудің уақыты мен орнын келіседі, қоғамдық тыңдауларды өткізуге жауапты тұлғаны айқындайды;
- бастамашы мүдделі қоғамдастықты мемлекеттік және орыс тілдерінде Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленген мерзімдерде ақпараттандырады;
- бастамашы қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды және ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастыру үшін жолдайды;
- мүдделі қоғамдастық ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстарды (олар болған жағдайда) Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленген мерзімдерде ұсынады;
- қоғамдық тыңдаулардың нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленген мерзімдерде жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырылады;
- бастамашы қоғамдық тыңдаулар хаттамасының бір данасын интернет-ресурста жариялау үшін жергілікті атқарушы органға ұсынады.
Қоғамдық тыңдаулар өткізу рәсімі жиі көптеген сұрақтар тудырады, бірақ қазіргі уақытта бұл нақты келісілген қағидалары бар қоғамдық пікірді ескерудің қолданыстағы құралы болып табылады. Біздің Компания қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру бойынша да қызметтер көрсетеді, сондай-ақ Клиенттерге тыңдауларды өз бетінше өткізу үшін консультация береді.

