Жалпы анықтама бойынша парниктік газдар (ПГ) — жылулық инфрақызыл сәулелерді жұтатын және (немесе) олардың көзі болып табылатын, планета атмосферасында болуы парниктік эффектінің пайда болуына әкелетін атмосфераның газ тәрізді құрамдастары. Қазақстанда мемлекеттік реттеу объектілері болып табылатын парниктік газдар тізбесіне мыналар жатқызылған: көміртек диоксиді (CO2), метан (CH4), азот закисі (N2O), гидрофторкөміртектер (ГФК), перфторкөміртектер (ПФК) және күкірт гексафториді (SF6).
Парниктік газдарды халықаралық құқықтық есепке алу жүйесінің негізіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы алынды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын (БҰҰ КӨНК) 1995 жылғы мамырда ратификациялады және сол жылғы тамызда оның Тарапы болды. 1999 жылғы 12 наурызда Қазақстан БҰҰ КӨНК-ға Киото хаттамасына қол қойды. 2000 жылғы 23 наурызда Қазақстан Үкіметі БҰҰ Бас хатшысына БҰҰ КӨНК-тің 4-бабының 2 g) тармағына сәйкес 2 а) және 2 в) тармақтары бойынша міндеттемелерді орындау ниеті туралы хабарлады. 2009 жылғы 26 наурызда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» № 144-IV ҚР Заңына қол қойды. Киото хаттамасы Қазақстан үшін ратификациялау туралы құжат БҰҰ Бас хатшысына сақтауға тапсырылғаннан кейін 90 күн өткен соң, 2009 жылғы 17 қыркүйекте ресми түрде күшіне енді. БҰҰ КӨНК-ке Париж келісімін Қазақстан Республикасы 2016 жылы ратификациялады.
Парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай құралдарды пайдалана отырып жүзеге асырылады:
- көміртек бюджетін белгілеу;
- көміртектік квоталау;
- қондырғы операторларын әкімшілендіру;
- Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту нәтижелерін беруді көздейтін жобаларды әкімшілендіру.
Мемлекеттік реттеудің көрсетілген тетіктерінің әрқайсысы табиғат пайдаланушыларға белгілі бір жүктеме түсіреді және шектеу сипатына ие, әкімшілік санкциялар тәуекелі жоғары болғандықтан шаруашылық қызметте міндетті түрде ескерілуге тиіс.
Қазақстандағы парниктік газдар шығарындыларын квоталау жүйесі.
Көміртектік квоталауға квоталанатын қондырғылардың — шығарындылары жылына жиырма мың тонна көміртек диоксидінен асатын экономиканың реттелетін секторларындағы қондырғылардың — көміртек диоксиді шығарындылары жатады. Көміртектік квота бірліктерінің жалпы саны мен резервтің көлемі Көміртектік квоталардың ұлттық жоспарымен белгіленеді, оның қолданылу кезеңі көміртектік бюджеттеу кезеңіне сәйкес келеді. Көміртектік квота бірліктері Парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес бенчмарктер негізінде тегін және аукцион арқылы бөлінеді.
МАҢЫЗДЫ: электр энергетикасы, мұнай-газ, тау-кен, металлургия, химия және өңдеу (цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде) секторларындағы қондырғы операторларының квоталанатын шығарындыларының көлемі жылына жиырма мың тонна көміртек диоксидінен асатын парниктік газдар шығарындылары квоталауға жатады. Мұндай операторлар Көміртектік квоталардың ұлттық жоспарына сәйкес көміртектік квоталар алуға міндетті.
Көміртектік квота әрбір квоталанатын қондырғы үшін Көміртектік квоталардың ұлттық жоспарының қолданылу кезеңіне белгіленеді және көміртектік бірліктердің мемлекеттік тізіліміндегі оператордың шотына есептеледі. Квоталау субъектісі жыл сайын тіркелген верификацияланған түгендеу есебіне сәйкес квоталанатын нақты шығарындылар көлемінде көміртектік бірліктерді өтейді. Көміртектік квота бірліктері жеткіліксіз болған жағдайда квоталау субъектісі көміртек нарығында көміртектік бірліктерді сатып алуы мүмкін.
Квоталау субъектісі міндетті:
1) квоталанатын қондырғының парниктік газдар шығарындыларының мониторинг жоспарын әзірлеуге және Көміртектік квоталардың ұлттық жоспары қолданысының бірінші жылғы 15 сәуірге дейін мемлекеттік көміртек кадастрындағы оның валидацияланған электрондық нысанын толтыруға;
2) жыл сайын 15 сәуірге дейін мемлекеттік көміртек кадастрында алдыңғы жылға парниктік газдар шығарындыларының түгендеу есебінің верификацияланған электрондық нысанын толтыруға.
Есеп нысаны Парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларымен белгіленген.
МАҢЫЗДЫ: квоталанатын қондырғылардың парниктік газдар шығарындыларын түгендеу есептері мемлекеттік көміртек кадастрында жүргізілетін валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген органның міндетті верификациясына жатады.
Көміртек нарығы.
Көміртектік бірлік (көміртектік квота бірлігі, офсеттік бірлік) көміртек диоксиді эквивалентінің бір тоннасына тең және көміртек нарығы субъектілері арасында айналымға рұқсат етілген тауар болып табылады. Көміртек нарығының субъектілері квоталау субъектілері, көміртектік офсеттерді іске асыруға қатысатын тұлғалар және көміртектік бірліктермен сауда жүйесінің операторы болып табылады. Сауда жүйесі бастапқы нарықтан (оператордың аукционда көміртектік квота бірліктерін сатуы) және қайталама нарықтан тұрады. Сауда жүргізу тәртібі Көміртектік бірліктермен сауда жасау қағидаларымен, офсеттік бірліктерді алу тәртібі — Көміртектік офсетті мақұлдау және офсеттік бірліктерді беру қағидаларымен белгіленген.
Қондырғы операторларын әкімшілендіру.
Әкімшілендіру субъектісі болып әкімшілендірілетін қондырғының — экономиканың реттелетін секторларында квоталанатын шығарындыларының көлемі жылына көміртек диоксидінің он мыңнан жиырма мың тоннасына дейін құрайтын қондырғының операторы табылады.
Әкімшілендіру субъектілері жыл сайын 1 сәуірге дейін мемлекеттік көміртек кадастрында алдыңғы жылға әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдар шығарындыларын түгендеу есебінің электрондық нысанын толтырады. (Маңызды!) Мұндай есептер верификациялауға жатпайды.
Егер түгендеу есебінің деректері бойынша әкімшілендіру субъектісі қондырғысының шығарындылары жылына жиырма мың тонна көміртек диоксидінен асса, қондырғы квоталанатындар санатына ауысады; оған көміртектік квоталар Парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларымен белгіленген тәртіппен Көміртектік квоталардың ұлттық жоспарының резервінен беріледі.
Біздің Компанияның мамандарының шығарындылар көлемі жылына 1 млн. тоннадан астам көміртек диоксиді болатын парниктік газдарды квоталау жүйесінің субъектілерінің де, әкімшілендіру субъектілерінің де қызметін сүйемелдеуде кең тәжірибесі бар. Квоталау субъектілері үшін біздің Компания қызметтердің толық жинағын, оның ішінде көміртектік квоталар алуды сүйемелдеуді, парниктік газдар шығарындыларының мониторинг жоспарларын әзірлеуді, парниктік газдар шығарындыларын түгендеуді және парниктік газдар шығарындыларын есепке алу жөніндегі құжаттаманың өзге де түрлерін ұсынады. Әкімшілендіру субъектілері үшін біздің Компания жұмыс құнын айқындаудың икемді жүйесі бойынша парниктік газдар шығарындыларын түгендеуді ұсынады. Сондай-ақ біздің мамандар парниктік газдар шығарындыларын реттеу, парниктік газдар мониторингін жүргізу мәселелері және табиғат пайдаланушылардың шаруашылық қызметі процесінде туындайтын өзге де мәселелер бойынша консультация беруге дайын.

