Табиғатты қорғау нормалау — экологиялық нормативтерді белгілеу рәсімі, оның ішінде:
- стационарлық көздерден атмосфераға ластаушы заттардың шекті жол берілетін шығарындыларының (ШЖШ) нормативтері;
- су объектілеріне, жер бедеріне, сүзу алаңдарына, ағынды сулар жинақтауыштарына ластаушы заттардың шекті жол берілетін төгінділерінің (ШЖТ) нормативтері;
- өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинақтау лимиттері және көму лимиттері;
- эмиссиялардың технологиялық нормативтері (ең үздік қолжетімді техникалар негізінде белгіленген нормативтер).
Эмиссиялар нормативтерінің шамалары экологиялық рұқсаттар беру және шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға және халық денсаулығына кері әсерін азайту мақсатында техникалық іс-шаралар жүргізу қажеттігі туралы шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады.
Ықтимал әсерлер туралы есепте жоспарланатын қызметтің күтілетін эмиссиялары бағаланады. Эмиссиялар нормативтері экологиялық рұқсат құрамында жекелеген құжаттар негізінде бекітіледі (қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобалары — ШЖШ, ШЖТ, қалдықтарды басқару бағдарламалары).
Жекелеген көздер бойынша эмиссиялар нормативтері технологиялық нормативтерге тең (олар болған жағдайда) белгіленеді немесе санитариялық-қорғау аймағының шекарасында және жақын орналасқан тұрғын аумақтарда қоршаған орта сапасының нормативтеріне қол жеткізу мақсаттарынан шыға отырып, есептік және (немесе) аспаптық жолмен айқындалады. Эмиссиялар нормативтері аумақтар мен акваториялардың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, қоршаған орта сапасының нормативтерін сақтауды қамтамасыз етуге тиіс және шекті жол берілетін концентрациялар (ШЖК) немесе қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері негізінде есептеледі.
Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін есептік жолмен айқындау тәсілдері Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 10 наурыздағы № 63 бұйрығымен бекітілген Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін айқындау әдістемесінде белгіленген.
Эмиссиялар нормативтерін белгілеу кезінде қоршаған ортаның бар ластануы ескеріледі. Қоршаған орта сапасы параметрлерінің фондық концентрациялары бойынша деректерді ұлттық гидрометеорологиялық қызмет («Қазгидромет» ШЖҚ РМК) жоба тапсырыс берушісімен немесе жобалау ұйымымен жасалған шарт бойынша ұсынады.
I санатты шаруашылық және өзге де қызмет объектілері үшін эмиссиялар нормативтерін әзірлеуді Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI Экология кодексіне сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыстар орындауға және қызметтер көрсетуге лицензиясы (рұқсаты) бар жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының жылжымалы көздерінен эмиссиялар нормативтері белгіленбейді. Пайдаланылған газдардағы негізгі атмосфералық ауаны ластайтын заттардың шекті концентрациялары техникалық реттеу саласындағы заңнамамен айқындалады.

